Арал өңірінде Орталық Азиядағы ең алғашқы «Geopark Aral» туристік маршруты жобасының ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ж. Ерқосаев арнайы қатысып қайтты.
Одан бөлек, Арал аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов, қоғамдық кеңес төрағасы А. Жоланов, «UNESCO» жаһандық геопарктер жөніндегі Қазақстан Ұлттық комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясының директоры, қордың Қызылорда қаласындағы және Арал қаласындағы филиалдарының өкілдері, аудан бойынша қоғамдық бірлестіктер өкілдері және Қазақстан-Германия университетінің Орталық Азия және Ауғанстан елдерінің магистранттары, Моңғолия мен Нигерия мемлекетінің Чад көлінің өкілдері және т.б. қатысты.
Салтанатты ашылуда қатысушылар «Geopark Aral» туристік маршрутымен толығырақ танысты. Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент басшысы Сәуле Темірбек келушілерге геопарктің басты мақсаты мен ерекшеліктерін, жобадан күтілетін нәтижелерді баяндады.
Кездесуде облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ж. Ерқосаев, Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясының директоры С. Мұқатаев пен қоғамдық кеңес төрағасы А. Жоланов сөз сөйлеп, жобаға сәттілік тіледі.
Мұнан соң, «UNESCO» жаһандық геопарктер жөніндегі Қазақстан Ұлттық комитетінің төрағасы Саида Нигматова, Нигерия мемлекетінің Чад көлінің өкілдері мен қатысушылар жобаны қолдаған облыс әкімдігіне, аудан әкімдігіне және ұйымдастырушы өкілдерге ризашылығын жеткізді.
Қатысушылар «Балықшылар» аллеясына барып, жергілікті қолөнершілердің қолдан жасалған бұйымдарын, тауар өндірушілердің табиғи өнімдер ұсынылған көрмесін аралады.
«Geopark Aral» ашылуы Арал ауданы экономикасының дамуына, өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға, экологиялық жағдайдың оңалуына, өңірге туристерді тартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мол мүмкіндіктер туғызады. Геопарктың аясында келген саяхатшылар Арал өңіріндегі «Көкарал» бөгетін, «Қамыстыбас» көлін, «Ақеспе» жерасты суын, «Арыстан баб» қорымын, «Кердері» кесенесін, «Көкдомбақ» тарихи орны мен «Бегім Ана» кесенесін, «Аралтұз» зауыты және «Барсакелмес» қорығын көзбен көріп, археологиялық, геологиялық және тарихи ескерткіштердің мол мұрасымен танысатын болады.
Айта кетейік, «Geopark Aral» қазіргі таңда Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы геопарк. Келесі жылы халықаралық критерийлерге сәйкестік тексеруінен өтіп, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопаркінің мәртебесін алады деп күтілуде. Жоба Арал теңізі бассейнін оңалту бағдарламасының 4 кезеңінің экологиялық бағыттағы жобалар тізіміне еніп отыр.